2. Сақтандыру қызметінің жұмысы қалай жүзеге асырылады?
Сақтанушылардың полис сатып алғанда жасаған төлемі ортақ қаржы қоры — пулға түседі. Қаражаттың бір бөлігі сақтандыру жағдайына тап болған сақтанушылардың қаржылық қиындықтарын шешуге, шығындарын өтеуге жұмсалады. Сақтандыру қызметін жүзеге асырушылар барлық клиенттердің қаржылық шығындарын өтей бермейді. Келісім-шартта көрсетілген мәселелер төңірегіндегі зиян ғана өтелетінін ескеру қажет.
Сақтандыру жағдайына түскен азамат сақтандыру қызметін ұсынушы компанияға арыз жазады. Бұл — шығындарды өтеу туралы ресми құжат. Компания сарапшылары шығын мөлшерін анықтау мақсатында қосымша мәліметтер талап етуі мүмкін. Мысалы, зақым келген аймақтың, бүлінген мүліктік суреті, алынған жарақат туралы анықтама және т.б.
3. Сақтандырудың түрлері
Өмірді сақтандыру. Өмірді сақтандыруға қатысты уағдаластықтар сақтанушы опат болған жағдайда жүзеге асады. Келісім-шартта немесе полисте аттары аталған тұлғаларға сақтандыру сомасы төленеді. Сақтандыру сомасынан, төлемдері мен сақтанушы опат болған жағдайда төленетін жәрдемақыдан салық төленбейді.
Ерікті медициналық сақтандыру
Бұл міндетті медициналық сақтандыру барысында қолжетімді болатын медициналық қызмет аясынан кеңірек көлемде мүмкіндік беретін сақтандыру өнімі. Ерікті сақтандыру қызметтерінің арқасында ауыр дертке шалдыққандар мен қиын жарақат алғандар қажетті деңгейде медициналық көмекке жүгіне алады. Ем-дом шаралары сақтандыру келісім-шартында көрсетілген деңгейде сақтандыру сомасымен өтеледі. Кей сақтандыру өнімдері демалыста ауруға шалдығу салдарынан келген шығынды өтейді.
Жалпы сақтандыру
Өмірден басқаны сақтандыруды жалпы сақтандыру қызметін жүзеге асырушылар ұсынады. Бұл тұрғыда сақтанушыға тек сақтандыру уағдаластығына сай, полисте көрсетілген тәуекелдер мен қауіп-қатер салдарынан болған шығындар өтеледі.
Жалпы сақтандыру өнімдерінің негізгі түрлері
• Мүлікті сақтандыру
• Көлікті сақтандыру
• Жауапкершілкті сақтандыру
• Жазатайым жағдайдан сақтандыру/ жарақат алудан сақтандыру
• Соқтығысудан сақтандыру
• Кешенді сақтандыру
• Бизнесті сақтандыру
• Коммерциалық жылжымайтын мүлікті сақтандыру
• Азаматтық жауапкершілікті сақтандыру
• Кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру
Мүлікті сақтандыру арқылы келісім-шартта көрсетілген себептерден тұрғын үйге, жеке бас мүлкіне, көлік пен бизнеске келтірілген шығыннан қорғануға, яғни зиянды өтеу үшін сақтандыру төлемдерін алуға мүмкін болады. Жазатайым жағдайдан сақтансаңыз, кенеттен жарақат алып, медициналық көмекке жүгіну барысында келген шығын өтеледі.
Қызметкерлерді түрлі қауіп-қатерден ұжымдық сақтандыру жалпы сақтандыру өнімдеріне жатады. Осы арқылы басшылық өзінің қол астындағылардың барлық тәуекелдерінен қорғанып, өз мекемесін түрлі шығындардан сақтай алады.
Ұжымдық сақтандыру қызметіне жүгінушілер қосымша кәсіпорын қызметкерлерін өндірістегі жазатайым уақиғалардан және кәсіби сырқаттан сақтандыруға, стоматологиялық сақтандыруға және жұмысшылардың өмірін сақтандыруға қызығушылық танытады.