«Шевронның» қолдауымен елімізге табан тіреген қытай дәрігерлері коронавируспен күресте білгенін бөлісуге әзір отыр.
Осы 15 күн аралығында олар Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларына ат басын тіреп, аурухана аралайды, емханалардағы қауіпсіздік шарасымен танысады әрі дәрігерлерге арнап онлайн дәріс өткізеді.
«Қытайдан арнайы келген медбригада Шыңжаңда коронавируске қарсы күресіп, шыңдалған дәрігерлер. Олардың арасында әзіргі күні ауадай қажет пульмонологтар, эпидемиологтар, инфекционистер, неврологтар және басқа да жоғары санатты мамандар бар.
Соның нәтижесінде Қазақстандағы қауіпті індетті тоқтатуға бағытталған шараларды тағы бірі пысықтап, жетілдіруге, вирусты алғашқы сатысында анықтай алатын алгоритм әзірлеуге әрі осы тараптағы қазақстандық дәрігерлердің біліктілігін арттыруға мүмкіндік туады. Осынау вирус тек бір жұдырыққа жұмылған жағдайға ғана жеңе аламыз», – дейді Анна Дерябина.
Сөзінің жаны бар. Елімізде коронавирус жұқтырған азаматтардың саны әзір 850-ге жуықтады.
Науқастармен тікелей байланыста болған дәрігерлер де осы індеттің тұзағына түскенін өткен жолы министр Біртанов баяндаған.
Қазақстанда коронавирус жұқтырған дәрігерлер саны 120, олардың 67-і вирус жұқтырған азаматтарға тікелей көмек көрсеткен.
Өз кезегінде Қытайдан жеткен арнайы делегация коронавирустың дәрігерлер арасында таралуына тосқауыл болатын әдіс-амалдармен бөліспек.
«Вирус Қытайда 3 мыңнан аса дәрігерге жұқты. Оның 90 пайызы Уханнан анықталды. Кейіннен дәрігерлер арасында түсіндіру жұмысын жүргізіп, олардың науқаспан байланыс орнатуға қатысты сауатын арттырып, қажетті керек-жарақпен қамтамасыз еттік.
Соның нәтижесінде вирус жұқтырған дәрігерлер санын азайттық», –дейді осы делегация құрамындағы жұқпалы аурулар дәрігері Лу Сяобо.
Ал Шыңжаң-ұйғыр автономиялық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Лу Шеннің пікірінше Қытай індетті қатаң карантин нәтижесінде тежеген.
«Толықтай оқшаулау қауіпті індеттің таралуына тосқауыл болар жалғыз жол», – дейді ол.
Қытай дәрігерлері науқасты емдеуде неге назар аударды?
Анна Дерябинаның айтуынша қытай дәрігерлері науқасты емдеуде 4 жайтқа көңіл бөледі екен.
Олар: адамның бұған дейін қандай да бір созылмалы сырқатқа шалдыққанын анықтау;
Жалпы денсаулық жағдайын сүзгіден өткізу. Оның ішінде дене қызуын үздіксіз бақылау;
Ағзадағы лимфоциттердің деңгейін анықтау мақсатында қан алу және
Коронависке тестілеуден өткізу.