Бұқараның коронавирус төңірегіндегі үрейі киберқылмыскерлер үшін фишинг шабуылдарды жасауға жағдай жасап отыр. Салдарынан еш қауіп тудырмайтындай көрінген хат арқылы зиынды бағдарламалар таратылуда. Мәселен, коронавирустан қорғану туралы ақпарат, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кезекті мәлімдемесі немесе бетперде мен өзге де дезинфекциялық құралдардың сатылуы жайында хаттарды ашып оқудың өзі бүгін қауіп төндіреді. Себебі, осы арқылы сізге зиянды бағдарламар мен вирус жіберілуі мүмкін. Нәтижесінде, алаяқтар Windows жүйесіндегі құпия сөз, қолданушылардың есім-сойлары мен банктегі реквизиттер жайындағы мәліметті қолды қылады.
Осы жағдайға байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ескерту жариялаған. Өзін аталмыш ұйым қызметкері деп таныстырған адаммен сөйлесу кезінде асқан қырағылық пен сақтық танытуды өтінген. Себебі бұл қазіргі ахуалды өз мүдделері үшін пайдаланып отырған киберқылмыскер болуы әбден мүмкін екенін ескертеді.
Фишинг - кибер шабуылдың қарапайым түрі. Бұған қарамастан, фишинг арқылы алаяқтар сіз туралы жеке және қызметіңізге байланысты мәліметті қолды қыла алады. Әдетте бұл шабуылдар электронды пошта және әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асырылады. Кибер қылмыскерлер желі қолданушыларын түрлі айламен сілтеме арқылы жалған веб-сайтқа өтіп, қандай да бір ақпаратты енгізуге көндіреді. Нәтижесінде, құпия мәліметке қол жеткізеді. Мамандардың айтуынша, айына орта есеппен 1,4 миллион осындай жалған сайттар жасалады екен.
«Номад Иншуранс» компаниясының киберқауіпсіздік саласындағы мамандарының айтуынша, қашықтан жұмыс жасау барысында бірнеше қағиданы есте сақтау абзал. Поштамен сауатты жұмыс жасау қажет. Бейтаныс адресаттан келген хаттағы сілтемеге басудан, лицензиясы жоқ бағдарламаларды жүктеуден және орнатудан бас тартқан жөн. Демек, «цифрлық тазалықты» сақтау маңызды.