«Түркітілдес журналистер қорының» президенті Нәзия Жоямергенқызы Optimizm.kz сайтының тілшісіне берген сұхбатында қоғамдық қоры аясында өтіп жатқан шаралар мен жақында «Шевронның» қолдауымен бастау алған онлайн-семинарлар туралы айтып берді.
— Нәзия, ең алдымен «Түркітілдес журналистер қорының» тарихы мен мақсаты туралы айтып берсеңіз?
— «Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қоры 2014 жылдың 11 қарашасында құрылған. Бас кеңсесі Алматыда орналасқан. Қордың жанынан Әйел журналистер клубы, Жас журналистер мектебі мен Медиа-тренерлер мектебі ашылған. 2020 жылдың қаңтарынан бастап Түркітілдес журналистер қоры әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен келісімшартқа қол қойды. Осы құжаттың нәтижесінде Қор жанынан UNESCO, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасы ашылды. Журналистика факультетінде оқитын магистратура студенттеріне дәріс оқимыз, бұйыртса.
Қордың басты мақсаты — бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің кәсіби білігін арттыру. Осы орайда, Қазақстан мен шет елдерде журналистер үшін пресс-турлар, конференциялар, семинар-тренингтер, вебинарлар, шеберлік сабақтары мен экскурсиялар ұйымдастырып жүрміз. Атап айтқанда, Түркияның Стамбұл, Бұрса, Измир, Анкара, Ескішаһар, Адыйаман, Мардин, Шанлыурфа, Газиантеп, Кастамону т.б. қалаларында түрлі шаралар өткіздік. 2020 жылы Еуропадағы халықаралық БАҚ-та тәжірибе алмасуды көздеген едік. Елдегі және әлемдегі төтенше жағдайға байланысты келесі жылға шегеруге тура келді.
Біз журналистердің кәсіби тұрғыда өсуіне және халықаралық деңгейдегі бәсекелестікке сай болуына мүдделіміз. Сондықтан Қазақстанда және шет елдерде БАҚ өкілдері үшін Ағылшын тілі курстарын ұйымдастыруды қолға алдық. 2018 жылдың жазында еліміздің әр облыс, қаласынан жиналған 30 журналисті Солтүстік Кипр аралының Кирения, Фамагуста, Никосия қалаларына Ағылшын тілі курсына апарып келдік.
2018 жылы Стамбұлда Түркітілдес журналистердің І медиа-форумын ұйымдастырдық. Биыл ІІ медиа-форумды Алматыда өткізуді жоспарлағанбыз. Бірақ елдегі және әлемдегі төтенше жағдайға байланысты Түркітілдес журналистердің ІІ медиа-форумын онлайн өткізуге шешім қабылдадық. Шараға Қазақстанмен бірге Түркия, Британия, Германия, Швеция, Италия, Франция, Солтүстік Кипр, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан т.б. елдерден әріптестеріміз қатысады. Басқосуда талқыланатын мәселелер журналистиканың проблемалары мен шешу жолдары, ортақ жобалар мен мақсаттарға арналады.